Аграрий Казахстана

Ауыл шаруашылығы дақылдарының қауіпсіздігін бағалау және ГМО анықтау: ПТР әдісінің мүмкіндіктері

Қазіргі заманда геннің жиынтығы жасанды түрде өзгертілген организмдер (ГМО) ауыл шаруашылық өндірісінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Негізінен, генетикалық модификацияланған организмдер ауыл шаруашылығында зиянды организмдерге қарсы тұра алатын, иммунитеті жоғары, өнімділігі мол сорттар шығаруға мүмкіндік береді. Дегенмен, генетикалық модификацияланған организмдер тақырыбы қозғалғанда, пікірлер екіге бөлініп жатады. Бірі заманауи әдісті қолдап, жаңа сорттар адамзатты қорекпен қамтамассыз етуге мүмкіндік береді және өнімділікті арттырады деген пікірде болса, екінші жақ табиғи популяция мен адамзат денсаулығына алаңдаулы.

Халықаралық Алиментариус Кодексі бойынша, Қазақстанда бекітілген нормативтерге сай, тағамдық өнімдердегі ГМО көлемі 0,9% аспау керек. Нормативте көрсетілген 0,9% пайыздан асқан жағдайда, өндіруші қаптаманың сыртында ГМО бар жоғын көрсетуі тиіс. Бұл талаптардың сақталуын мемлекеттік органдармен қатар нақты генетикалық зерттеулерді жүргізетін тәуелсіз зертханалар да қадағалайды.

Қазақстан бойынша генетикалық модификацияланған организмдерді анықтайтын бірнеше зертхана бар. Соның бірі, Ж. Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты», ЖШС-нің Фитосанитарлық зертханалық талдау сынақ орталығы. ФЗТСО-ғы мемлекеттік стандарттарға сәйкес ISO/IEC 17025-2019 бойынша бекітілген барлық талаптарға сай жұмыс істеп келеді.

Зертхана генетикалық модификацияланған организмдерді ауыл шаруашылық дақылдарының тұқымдарынан анықтауға бағытталған. Үрдіс қалай жүреді? Алдымен ауыл шаруашылық дақылдарының тұқымдарынан  ДНК бөлініп алынады, содан, үлгілер полимеразды тізбекті реакцияға қойылады. Нәтижесін нақты уақыттағы ПТР әдісі бойынша көруге болады. Бұл әдіс үлгілердегі ДНК мөлшері аз болған жағдайда да, мутацияға ұшыраған бөлікті табуға қабілетті. Зерттеу «Өсімдік/35S+FMV / NOS скрининг» жиынтығымен жүзеге асырылады және 35S, FMV, NOS7 гендеріндегі модификацияланған бөлікті айқын көрсетеді.

ПТР талдауын жүргізу  бар болғаны 4 сағат 30 мин. құрайды. Бұл әдіс трансгендердің бөліктері мен үлгілердегі ГМО мөлшерін сандық тұрғыда бағалауға мүмкіндік береді. Талдау жұмыстары әлемдік жетекші өндірушілердің жабдықтарында, сертификатталған реагенттерді пайдалана отырып, халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

Генетикалық модификацияланған организмдерді молекулярлық деңгейде зерттеу, тек заңға бағыну ғана емес, сонымен қатар өндірілген өнімнің халық денсаулығына зиян келтірмейтіндігінің кепілі.

 Жаһандану заманында ГМО-ны бақылауда ұстау, азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.  Қазақстанның ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқандықтан, замануи тұрғыдағы зерттеулер жылдам, әрі объективті диагностика жүргізуге қабілетті болу керек. ФЗТСО-ғы сапаны бақылау жүйесіндегі осындай буындардың бірі болып табылады.

Генетикалық модификацияланған организмді анықтауға арналған молекулярлық талдаулар өндірушіге қандай пайда алып келеді?

  • Өнімді сатып алушының өнімге деген сенімділігі артады;
  • Өнімнің ұлттық немесе халықаралық деңгейдегі нормаларға сәйкестігін растайды;
  • Қажетті тәуелсіз тексеруден өту арқылы, ГМО қолдануға тыйым салынған елдердің нарығына шығуға үлкен мүмкіндік береді;

Егер сіз өндіруші ретінде, немесе тұтынушы ретінде өнімнің құрамында генетикалық модификацияланған организмдердің бар-жоғын білгіңіз келсе, біздің мамандар сізге көмектесе алады. Молекулярлық генетикалық зертхана мамандары ГМО анықтауға арналған талдау жұмыстарын жылдам әрі сенімді жүргізуге дайын. Біз тексерілген әдістерді қолданамыз және әрбір талдау жұмыстарына мұқият тиянақтылықпен қараймыз.

Төменде көрсетілген ақпаратпен танысып, бізге хабарласыңыз, сізге қажетті барлық ақпаратпен қамтамассыз етеміз. Сапаға мән беріңіз — мамандарға сеніңіз!

📍 Алматы қ., Култобе көшесі, 1

📞 +7 778 700 70 19 | +7 727 246 73 66

📧 plantprotectionkz@gmail.com

Авторлар: Ж. Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты», молекулалық генетика және биохимия зертханасының меңгерушісі – Турсунова А.Қ., кіші ғылыми қызметкер Шәден А.О.. (Қазақстан, Алматы қ.)