Аграрий Казахстана

Жүгері сабақ көбелегі – Фермерлер, сақ болыңыздар!

Жүгері – қазіргі әлемдік егін шаруашылығының негізгі дақылдарының бірі. Бұл өсімдік жан-жақты қолданылуымен және жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Жүгері дәнінің шамамен 20% азық-түлікке, 15% техникалық мақсаттарға және шамамен үштен екісі мал азықтыққа қолданылады. Қазіргі таңда, жүгері температураның қолайлы болу жиынтығына байланысты,  әлемдегі елдердің барлығында дерлік өсіріледі. Қазақстандағы статистика жөніндегі Ұлттық бюроның деректері бойынша 2021 жылы өңделетін жүгері алқабы 188,7 мың гектарды құраған.

Дақыл еліміздің Алматы, Түркістан, Қостанай және Жамбыл облыстарында қарқынды өсіріледі.

Жүгері өсірілетін негізгі аймақтарда дақылға шыртылдақ қоңыздарының дернәсілдері, шалғынды көбелек, мақта және кеміргіш көбелектер, жүгерінің сабақ көбелегі сондай-ақ негізгі зиянкестері жүгерінің қаратүс қоңызы, швед шыбындары, астық бітелерінің әртүрлі түрлері және тағы басқада қосымша зиянкестер зақым келтіреді. Жыл сайынғы зиянкестердің әсерінен болатын шығындар орташа есеппен алғанда 10-20%-ды құрайды, ал олардың жаппай көбеюі орын алған жағдайда, астықтың зақымдануы 50%-дан асады.

Сабақ көбелегі – көпқоректі зиянкес. Қазіргі уақытта, сабақ көбелегі еліміздің барлық жүгері өсіретін аймақтарында кездеседі. Оның қалыпты дамуына маусым-тамыз айларындағы +20°C-тан жоғары ауа температурасы және кезеңдегі 200 мм-ден асатын жауын-шашын мөлшері қолайлы жағдай туғызады.

Фитофаг әсіресе сабағы ірі дақылдар мен жүгеріге көп зиян келтіреді. Соңғы жылдары жүгері көбелегінің таралу аймағы климаттың жылынуына және  жүгері дақылының өсіру аймағының кеңеюіне байланысты артып келеді. Бұл факторлар жүгері көбелегінің ауылшаруашылық дақылдарының аса қауіпті зиянкестеріне жататындығын анықтайды. Жүгері көбелегінің зияндылығының сипаты жұлдызқұрттардың жасына, негізгі өсімдік түріне және оның даму фазасына байланысты. Келесі маусымда жүгері көбелегінің негізгі бөлігі шоғырланған өсімдік қалдықтарының сапасыз отырғызылуы зиянкестердің дамуына айтарлықтай ықпал етеді.

Ерте жастағы жұлдызқұрттар, әдетте жүгерінің жас жапырақтарына зиян келтіреді. 3-ші жас мөлшерлік жұлдызқұрттар жүгерінің шашақтарымен, собығының жоғарғы бөлігімен қоректенеді. Бұл аналық гүлдерінің тозаңдану үдерістерінің бұзылуына, собық дәнділігінің төмендеуіне, олардың деформациясына, яғни өнімнің төмендеуіне әкеледі. Үлкен жастағы жұлдызқұрттар сабақтар мен собықтарға зақым келтіреді. Пісудің ерте кезеңінде жапырақ орамалары мен собық сабағының зақымдануы фотосинтезге, су мен қоректік заттарды тасымалдауға байланысты процестердің бұзылуына әкеледі, ал собық мүлдем дамымайды немесе аз мөлшерде тұқым қалыптастырады.

Биылғы жылы Алматы облысы жағдайында зиянкестің алғашқы ұшуы маусым айының басында тіркелді.

Жүгері көбелегімен күресу шаралары:

— жерді сүдігер жырту;

— егістіктердегі арамшөптерді жою, өсімдік қалдықтарын жинау және оларды шеткі учаскелерде шабу;

— зиянкестер мекендеген жүгеріні тез арада жинау

— химиялық инсектицидтермен өңдеу;

— биологиялық күресу шарасы (биологиялық препараттар, энтомофагтар, феромон тұзақтары).

            Жою шаралары зиянкестің бірінші ұрпағына қарсы жүргізілмесе, екінші ұрпақтың жұлдызқұрттары жүгері сабақтарының ішіне еніп жаппай зақымдайды. 

Өкінішке орай, Қазақстанда жүгеріні зиянкестерден қорғаудың биологиялық әдісі қолданылмайды. Айта кетерлік жағдай, жүгері сабақ көбелектерінің санының көбеюінің артуын  жарғаққанаттылар мен қосқанаттылардың 20-дан астам түрі шектейді. Олардың ішінде трихограммалар мен габробракон маңызды орын алады.

Әділханқызы А., Балабек А.

«Жазкен Жиембаев атындагы қазақ өсiмдiк қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС